Nazym Sapar

Тәкаппар ғашықтар қосыла ма?

Рецензия
Джейн Остиннің бұл шығармасын осыдан 3 жыл бұрын орысша оқығам. Бірақ қазақша оқығаным ерекше ләззат сыйлады. Ана тілімізде сапалы аударманы оқудың жөні бөлек. Әр сәтті көз алдыма елестетіп, Лондон көшелерінде көйлек киіп жүрген «мисс» сезіндім. Балға қатысып, джентельмен жігітпен фортопианоның әніне билеп жүргендей әдемі әсер кештім. Ал енді кейіпкерлерге тоқталайық.

Мистер Беннетке жаным ашыды. Ұл күтіп, дәулетіне үлес қосар дегенде әйелі бес қыз туып берді. Қор жинау, ақшаны үнемдеуді білмеді. Тіпті әйеліне шығындарды қысқартуға сөз өтпеген адам. Кітапханада отырып, өз тыныштығын ғана ойлағандай көрінді. Ал мисс Беннет нағыз ысырапшыл әйел. Ерін сыйлау былай тұрсын, бөтен адамға да лық-лық етіп бар запыранын төге салады. Бәлкім, қыз күнінде бұндай болмаған шығар деп ойлаймын. Қазақтың «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» сөзіне дәлел. Бірақ әйел болып өзіңді сақтап қалу да оңай шаруа емес.

Джейн – «тұңғыш бала» синдромындағы кейіпкер. Көңілі таза, ешкімге жамандық ойламайды. Бәрін өзі сияқты көреді. Адамның мінезі өзгеріп кететіне қалтқұсыз сенеді. Сабырлы әрі әр істі ойланып барып жасайды. Бұл романдағы нағыз «періште» образ.

Элизабет – басты кейіпкер. Әкесінің сүйікті қызы. Мінезі жағынан да әкесіне ұқсайды. Тәкаппарлығы бар, бірақ ақылы бәрін басқарады. Әпкесі Джейнмен тай-құлындай тату өссе де, өзінен кейінгі сіңлілерінен бөлектену бар. Бірақ уақыт өте келе мінезінде өзгеріс пайда болады. Тілімен шағып сөйлейтін тым батыл бикеш бір сәтте биязы ханымға айналады. Махаббаттың құдіреті не істетпейді десеңізші...

Мистер Дарси – тәкаппарлығы төрткүл дүниеге танымал мырза. Тек Элизабет оның жүрегіне махаббат ұялата алды. Тәкаппарлығын тәрбиеге салуға сеп болды. Бәлкім, ол сырт көзге түрпідей тиетін тәкаппар болса да, тәрбиесі бір бөлек. Түрі қатты әдемі болмаса да, сымбатты. Өзінің мінезін ылғи түзеуге тырысып жүреді. Тіпті роман соңындағы өзгерісі оқырманды таңғалдырары анық. Автор «Мистер Дарси» образы арқылы ер адамның психологиясын көрсетуге тырысқан сияқты. Бір қызығы әлі де өзектілігін жоймады.

Романды оқуға ұсынам. Тізім шыққан кейіпкерлерден тыс Лидия мен Мистер Укхемнің оқиғасы, Элизабеттің құрбысы Шарлоттаның әрекеті, Мистер Колинздың сөз салуы сияқты оқиғалардан сіз өзіңізге таныс көріністі, сезімді бастан кешіруіңіз бек мүмкін. Қанша уақыт өтсе де романдағы оқиғалар әр кезеңде өз оқырманын таба бермек.
Made on
Tilda